Алматыда ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандары үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген 29 шетел азаматы ұсталды
Ағымдағы жылғы маусымның 9-ы мен 11-і аралығында ҚР Ішкі істер органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлесіп өткізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, 29 шетел азаматы құрықталды. Ұсталғандардың дені Өзбекстан Республикасының азаматтары. Оларға Өзбекстан аумағында жасаған ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін мемлекетаралық іздеу жарияланған.
Өзбекстанның қылмыстық қудалау органдары оларға лаңкестік, кісі өлтіру, діни экстремистік, фундаменталдық сепаратистік және басқа да тыйым салынған ұйымдарды, қылмыстық қоғамдастықтарды құрып, оған қатысты деген айыптар тағып отыр.
Алматы қаласының прокуратура органдары халықаралық Конвенцияларға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті шаралар қолданып, шетелдік азаматтар қамауға алынды.