Алматыда ауызсу натрий гипохлориді арқылы тазартылатын болды

sp; АЛМАТЫ. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Алматыда бұдан былай халық тұтынатын ауызсуды тазарту натрий гипохлоридын қолдану арқылы жүргізіледі. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдерін суды тазарту қондырғысымен таныстырған «Алматы су холдингі» МКК өкілдері мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         «Алматы су холдингі» МКК суды тазалайтын басты ғимаратының басшысы Алексей Дудкиннің айтуынша, бұған дейін қолданылып келген сұйық хлорға қарағанда натрий гипохлориді таза, әрі токсині аз, сондай-ақ ауру тудыратын микробтарды жоюда тиімділігі жоғары.Оның айтуынша, «Алматы су холдингі» МКК суды тазартудың бұл жаңа технологиясы маусымның 29-нан бастап  енгізілген.

         «Осы жылдың ақпан айында біз натрий гипохлоридін ЭН-192 қондырғысы арқылы сынап, тиімділігіне көз жеткіздік. Енді толық пайдалануға көштік», дейді А.Дудкин.Оның айтуынша, қазіргі кезде қала халқы ішетін суды толық  натрий гипохлоридімен тазарту үшін  5 жерге электролиздік қондырғылар қойылып жатыр, оның әрқайсысы тәулігіне 160 киләға дейін активті хлормен қамтамасыз ете алады. «Алматы су холдингі» МКК өкілдерінің айтуынша, бұл қондырғылар арқылы алынатын натрий гипохлориді ең таза өнім болып табылады.Ал бұған дейін пайдаланып келген сұйық хлор жиналып қалса, жарылыс тудыру мүмкіндігі жоғары екен.

         Қазіргі кезде қала халқының 38 пайызы  натрий гипохлориді арқылы тазаланған суды пайдалана бастаған. Алдағы уақытта қала халқы 100 пайыз жаңа технология арқылы тазартылған сумен қамтамасыз етіліп, сұйық хлормен қош айтыспақ.