Алматыда автобус бар жылдамдығымен келе жатып, көше шамының бағанасына соғылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 304-ші бағыттың жолаушы автобусы бар жылдамдығымен келе жатып, көше шамының бағанасына соғылды.

Оқиға салдарынан 10-ға жуық адам зардап шекті, деп хабарлайды Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен.

«Бүгін күндіз 12 сағат 20 минутта 304-ші бағыттың автобусы Сүйінбай даңғылымен солтүстік бағытта келе жатып, көше шамының бағанасына барып соғылды. Апат салдарынан автобустың 10-ға жуық жолаушысы зардап шекті. Олар қалалық ауруханаларға жеткізілді. Жүргізуші зардап шеккен жоқ. Алдын ала деректер бойынша, ол автобусты басқарып келе жатып ұйықтап кеткен. Енді сот-медициналық сараптама жүргізілген соң, оның әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылатындығы белгілі болады. Егер де жолаушылардың халі орташа және ауыр жағдайда болатын болса, онда жүргізуші сөзсіз қылмыстық жауапқа тартылады», - деді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.