Алматыда автобус жүргізушілерінің кінәсінен 1 айда 35 жол-көлік оқиғасы болды - полиция

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Полицейлер жолдарда жолаушы тасымалдайтын ірілі-ұсақты көліктерді тоқтатып, тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Акция аясында біз автомобиль көлігінде жолаушылар мен жүкті тасымалдайтын жүргізушілердің көлік және еңбек тәртібін жақсарту, техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған жолаушылар көлігін пайдалану деректерінің алдын алу, сондай-ақ, заңсыз жолаушылар тасымалының жолын кесу көзделген. Бұл жұмысқа мүдделі мемлекеттік органдардың да, азаматтық альянстың өкілдері де барынша жұмылдырылған», – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.

Полиция өкілі қабылданған шараларға қарамастан, автобус жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, жол-көлік оқиғаларына жол беріп жатқанын атап өтті.

Бір айдың өзінде автобус жүргізушілерінің кінәсінен 35 жол-көлік оқиғасы болды, соның салдарынан 2 адам қаза тауып, тағы 38 адам жарақат алған.

«Бүгінде Алматыда жолаушылар тасымалымен айналысатын қалалық автокөлік кәсіпорындарының саны айтарлықтай қысқарғанын айта кеткен жөн. Алайда олардың басшылары тарапынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылданбай отыр, сондай-ақ Қазақстанның басқа аймақтарынан көлік ағыны жоғары жағдайда жүруге бейімделмеген, төтенше жағдайлар туғызатын, ауыр зардаптармен жол-көлік оқиғаларын жасайтын автобус жүргізушілерін тартады. Осыған байланысты, жүргізуші құрамының көлік тәртібін тиісті бақылауда ұстамағаны үшін 4 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деді спикер.

Қазіргі уақытта қала сыртындағы жолдарда, сондай-ақ қалалар мен елді мекендерде патрульдік полиция нарядтарының саны артты. Профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жалғасуда.