Алматыда автобус жүргізушілерінің кінәсінен 2 адам көз жұмып, 38-і жарақат алды
Алматы қаласында 21 ақпан мен 2 наурыз аралығында «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті.
Қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбектің сөзінше, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуды тоқтату бойынша жұмыс күшейтілді. Соның ішінде, көлікті мас күйінде және белгіленген жылдамдықтан асыра айдау, сондай-ақ ережелерді бұзу: басып озу, маневр жасау, жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдері арқылы жүру, қарсы бағытқа шығу. Жолаушылар көлігі жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері, әкімшілік заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін фото және бейне техникалық құралдарды қолдану арқылы тіркеледі.
«Қабылданған шараларға қарамастан, автобус жүргізушілері Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін бұзуға, соның ішінде адам өліміне әкеп соқтыратын жол-көлік оқиғаларына жол беріп отыр. 2022 жылдың бір ай 20 күнінде қоғамдық көлік жүргізушілері 35 жол-көлік оқиғасын жасап, соның салдарынан екі адам көз жұмды, тағы 38 адам жарақат алды»,- дейді полиция өкілі.
Нұрлан Аманбектің айтуынша, акция аясында жолаушылар көлігі ұйымдарының басшыларымен, жолаушылар көлігіндегі жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша мүдделі қызметтермен бірқатар кездесулер өткізілді.
«Сонымен қатар, көліктік бақылау инспекциясы мен жол қауіпсіздігі инженерлерін тарта отырып, көлік құралдарының техникалық жай-күйін бақылау, автобустардың кәсіпорындардан, автовокзалдардан, өздігінен жүретін автотұрақтардан шыққанда жол алдындағы техникалық және медициналық тексеруден өтуі және т.б. ұйымдастырылды.
Заңсыз жабдықталған автобустарды, сондай-ақ техникалық жағдайы мен конструкциясы қозғалыс қауіпсіздігінің белгіленген талаптарына сәйкес келмейтін автобустарды (таксилерді) пайдалануға тыйым салу, кінәлілерді, оның ішінде осындай көліктерді желіге шығарған лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту туралы шешім шығарылды», – деді ол.