Алматыда автобустарға тегін ауысып міну қашан жүзеге асады
Шаһар басшысымен кездесуге келген Алмалы ауданының тұрғыны әкімнен қоғамдық көліктерге қатысты жаңа тариф туралы сұрады.
«Сіз Президентпен кездесуде «Онай» іске қосылған сәттен бастап алматылықтарға уәде етілген екінші көлікке тегін ауысып отыруға мүмкіндік беретін жаңа тарифтік төлем енгізілетінін айттыңыз. Ол қалай қалай жүзеге асады және тасымалдаушыларға берілетін субсидиялар қаншалықты ұлғаяды. Әкімдік бұл ақшаны қайдан алады, бұл нені үнемдейді?»,- деп сұрады жергілікті тұрғын.
Ерболат Досаев әзірге субсидиялар туралы сөз қозғалмағанын жетікізді.
«Субсидиялар туралы әлі сөз қозғалған жоқ. Өздеріңіз білетіндей, мәслихат тарифті көтеру, яғни нарықтық принципке көшу туралы ұсынысымызды қолдады. Керісінше, міндетіміз – жыл сайын тасымалдаушыларға бөлетін субсидияларды азайту. Айдың аяғында жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражатты күтіп отырмай, тәуелсіз болуы үшін. Ал Алматы қаласының бас жоспары мен көліктік негізі және тарифтік мәзір мәселелері қазір әзірленіп жатыр. Жыл аяғына дейін тарифтік мәзірді қабылдаймыз, егер олар жол жүру картасын алса немесе pass, оның ішінде тегін автобустарға ауысып міну тарифі қамтамасыз етіледі деп болжанған», - деді әкім.
Айтуынша, қазір көлік холдингімен осы мәселені пысықтап жатыр.
«Қазанның аяғында тарифтік мәзірді ұсынып, қала тұрғындарының пікірін сұрап, әрі қарай бекітеміз деп ойлаймын»,- деді Ерболат Досаев.
Бұған дейін Ерболат Досаев Мемлекет басшысына Алматыда LRT және BRT ескере отырып, қоғамдық көлікте екіншісіне ауысып отыру тегін болатынын айтқан еді.