Алматыда автокөлік тонауды кәсіп қылған топ қолға түсті
18:11, 09 Шілде 2010
АЛМАТЫ. Шілденің 9-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда автокөліктерді тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды,
деп хабарлайды қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Қылмыстық топ 4 жігіттен құралған. Олар Тұрғыт Өзал көшесінде «Фольксваген» автокөлігінің төрт доңғалағын ұрлау барысында қолға түскен. Алмалы аудандық жол полициясы басқармасының бастығы Талғат Сейілхановтың айтуынша, тексеру барысында олардың сол түні Мерседес автокөлігінің есігіндегі пердесін шешіп алғаны анықталған.
«Төрт күдікті де 19 жаста, бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Тұрақты жұмысы болмағандықтан қылмыстық жолмен ақша табуды көздесе керек. Қазіргі кезде олардың басқа қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», дейді полковник Т.Сейілханов.