Алматыда автокөлікке шабуыл жасаған қылмыскер ұсталды

АЛМАТЫ. Қаңтардың 22сі. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Автокөлік жүргізушісіне шабуыл жасаған қылмыскер құрықталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаңтардың 20-сы күні Алматы қаласы Әуезов аудандық жедел басқарма кезекшілік орталығына «Тойота Лэнд Крузер-100» автокөлігінің жүргізушісіне шабуыл жасалғандығы туралы ақпарат түскен. Жәбірленушінің айтуынша, көлік ішіне баса-көктеп кірген екі бейтаныс адам пышақпен қорқыту арқылы көлікті айдап кетпек болған.

Қылмыс орын алған жерге жедел жеткен «Буран» шолғыншылары сезіктілердің бағытын болжап, жақын аймақтарды тексеруге кіріседі. Көп ұзамай қылмыс болған жердің маңынан шабуыл жасаушының бірі құрықталған. Қылмыскерді ұстау барысында ол тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткен.

Ұсталған Жаркент қаласының тұрғыны болып шыққан. 27 жасар жігіт еш жерінде жұмыс істемеген, әрі тұрғылықты тұратын жері де болмаған.

Суық қару түрiндегi айғақты затпен ҚР ҚК 179 бабына сәйкес қарақшылық шабуыл жасау бойынша оған қатысты қылмыстық iс қозғалып отыр.

Шабуыл жасаушының айтуынша, ол бұрындары қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Дегенменде, сақшылар оның Алматы мен Алматы облысы аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатысы барлығын арнайы дерек қорлары бойынша мүлтiксiз тексеруге ниетті.

Екінші сезіктінің кім екені де белгілі болды. Ол да Алматы облысының тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта сақшылар оны құрықтау үшін барлық мүмкіндіктерін жұмылдырылуда.