Алматыда автокөліктен 5,5 миллион теңге жымқырып кеткен Ресей азаматы құрықталды

АСТАНА. Қарашаның 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Алматыда автокөліктен 5,5 миллион теңге жымқырып кеткен Ресей азаматы құрықталды.

Бұл туралы бүгін апталық брифингте ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, Алматының полиция бөліміне 40 жастағы жергілікті тұрғын белгісіз адамдардың оның автокөлігінің ішінен 5,5 млн. теңгені ұрлап кеткені туралы арызданған. Атап айтқанда, жәбірленуші банктен ақшаны алып, өз автокөлігімен жұмыс орнына қарай бет алған. Күдікті көлік иесін банктен ақша алған сәттен бастап аңдып, оның көлігінің дөңгелегін қасақана тесу әрекетін іске асырған. Орта жолда жәбірленуші көлік дөңгелегін ауыстыру үшін тоқтаған көрінеді. Осы сәтті пайдаланып, күдікті көлік есігін ашып, ақшаны жымқырып кеткен.

«Полиция қызметкерлері Алматыда уақытша тұратын Ресей азаматын құрықтады. Одан ұрланған ақшаның бір бөлігі табылды»,- деді Қ. Жұманов. Қазіргі кезде оның осыған ұқсас ашылмаған басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.