Алматыда автопарк «Оңай» жүйесі операторымен соттасып, 20 млн теңге өндірмек болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «Green bus company» тасымалдаушысының «Оңай» төлем жүйесінің операторы «Алматы көлік холдингі» АҚ-дан 20 056 500 теңге айыппұл өндіру бойынша арызы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс материалдарына сәйкес,  «Green bus company» мен оператор арасында келісімшарт жасалған. Транспорт холдингі қоғамдық көлікте жол ақысын есептеудің автоматтандырылған кешенді жүйесін (ЖАЕАКЖ) жүргізуді  қамтамасыз етуі керек болатын. 

Былтырғы қазаннан биылғы мамырға дейін «Green bus company» Көлік холдингіне есептеу жүйесінің ЖАЕАК техникалық ақауын жөндеуге өтініш білдірген.

Келісімшарт бойынша оператор бір тәулік ішінде құрылғыны жөндеуі керек.

Жылжымалы құрамның техникалық ақауы кесірінен жүрмей тұрып қалған жағдайда оператор тасымалдаушыға күніне 1 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.

«Green bus company» өкілдері сотта келісімшарттың бұзылғаны туралы бірқатар хатты дәлел ретінде келтірді.

«Келтірілген деректерді зерттей келе сот аталған хаттарда құрылғыны орнату туралы ғана айтылғанын, бұзылған жағдайдағы жөндеу жұмыстарына қатысы жоқтығын анықтады», - делінген соттың қаулысында.

Осылайша сот «Green bus company» тасымалдаушысының  «Алматы көлік холдингі» АҚ айыппұл өндіру туралы арызын қанағаттандырмады.

Алайда, жеке тасымалдаушы сот шешіміне апелляциялық шағым түсірмек.