Алматы билігі жүргізушілерге машинасын тұраққа қоюға көмектескені үшін ақы талап ететіндермен күресті күшейтті.
Мамандардың айтуынша, жасыл жилет кигендер көбінесе сауда үйлерінің маңында нәпақасын тауып жүр.
«Қалада автоматтандырылған тұрақ жүйесі бар. Алайда кей аудандарда жүргізушілерден тұрақ үшін ақша алатын адамдар бар. Бұл адамдардың әрекеті ҚР ӘқбК 449-бабымен реттеледі. Жыл басынан бері 247 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Төрехан Исин.
Полиция сонымен қатар, автобустардың интервалын бақылайтын «диспетчерлерді» де ұстады. Олардың әрекетінен автобус қозғалысының кестесі жиі бұзылатын көрінеді. Мұндай қызметкерлердің жұмысы заңға қайшы, себебі қалалық мобильділік басқармасында мұндай лауазымға штат бөлінбеген. Ұсталғандармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Бұл құқықбұзушылықтар қайталанған жағдайда бұдан қаталырақ жазаға тартылатыны айтылды. Әкімшілік қамауға алуға дейін жазалануы мүмкін. Жүргізушілер тұрақ ақысы тек паркоматтарға төленуі тиістігін білуі және есте сақтауы тиіс», - деді подполковник Исин.