Жобаның тұсаукесері дәстүрлі апталық велошеруден кейін басталды.
«Құрметті алматылықтар, жастар мен спортшылар! Біз бүгін веломарафон өткізу дәстүрін жалғастырып жатырмыз. Бірақ бүгінгі күн - ерекше күн! Кеше ҚР Мемлекеттік рәміздер күнін атап өттік. Біз өз рәміздерімізбен мақтанамыз. Спортшыларымыз әр түрлі жарыстарда жеңіске жетсе, еліміздің Туы көтеріліп, мемлекеттік әнұран орындалады. Бұл елімізді әлемге таныта түседі. Тағы бір үлкен жаңалық - бүгінгі спорт саяжайының ашылуы. Бұл жерде бұрын автотұрақ болған. Ал бүгін мұнда үлкен спорт кешені бой көтерді. Мен Алматы қаласының қашанда көрікті, тартымды болғанын қалаймын. Сол үшін қаламызды аялай білейік. Ол біздің ортақ баспанамыз. Сондықтан, қаламыздың дамуына атсалысып, бір-бірімізге сыйластықпен қарайық», - деді Б. Байбек.
Шара барысында әкім 15 000 шаршы метр аумақты алып жатқан көп атқарымды алып саябақты аралап көрді. Онда скейтодром, жүгіру жолы, баскетбол, волейбол және тенниске арналған көпатқарымды спорт алаңы, жіпті алаң және қыста мұз айдынына айналдыруға болатын футбол алаңы бар.
Жекелеген алаңқайлар спорттың streetworkout и crossfit түрлеріне арналған. Сондай-ақ, кешен аумағында заманауи жабдықтармен жабдықталған екі балалар алаңы бар. Биыл шілде айында Спорт саябағында француз әткеншегі және өрмелеуге арналған биіктігі 7 метрлік «жартас» орнатылады.
Саябақ аумағында сонымен қатар, мәдени, мерекелік шаралар өткізуге арналған сахна болады.
Одан басқа, саябақта 3 мың шаршы метр жерге жасыл желек егілген. 450-ден астам ағаш және басқа да тал-шіліктер отырғызылған.
Осылайша, Алматыда даниялық сәулеткер Ян Гейлдің «Алматы көліктерге емес, адамдарға арналған қала» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда.
Спорт саябағының аумағындағы көптеген алаңқайлар тегін жұмыс істейтін болады. Ал аттракциондардан түсетін қаржы қызмет көрсетуші жеке құрамның жалақысы мен техникалық қызмет көрсету жұмыстарына жұмсалады.
Жыл бойына осы спорт саябағында 5000-дай адам әрі дем алып әрі спортпен айналыса алады.
Айта кетелік, саябақты жабдықтауға қолданылған материалдың басым бөлігі Қазақстанда өндірілген.
Спорт саябағы ашылған соң қала әкімі алматылықтар атынан бокстан екі дүркін әлем чемпионы атанған Назым Қызайбайды жеңісімен құттықтады.