16:44, 09 Сәуір 2009
Aлматыда аяқталған «Cambridge Edication Group» білім олимпиадасының жеңімпаздары Англияда тегін білім алады
АЛМАТЫ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Aлматыда тұңғыш рет өткізілген «Cambridge Edication Group» білім олимпиадасы аяқталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Британдық әйгілі оқу орны өткізген Олимпиада ақпан айында басталған болатын. 3 турдан тұратын олимпиаданың алғашқы турына 23 жекеменшік және мемлекеттік білім орындарынан 200 оқушы қатысқан. Бүгін өткізілген соңғы турда «Алматы МША» мектебінің оқушысы Айша Манапова мен «БЭСТ» халықаралық мектебінің оқушысы Әлима Жүнісова жеңімпаз атанды. Оларға 46 000 ағылшын фунты көлеміндегі стипендия табыс етілді. Олар сондай-ақ 2 жыл бойы Ұлыбританиядағы CATS Cambridge және CATS Canterbery колледжінде A-level International Baccalaureates бағдарламалары бойынша тегін білім алуға мүмкіндік алды.«Қазақстанда өте талантты балалар көп. Бүгінгі олимпиаданың мақсаты өздері оқу ақысын төлеп оқи алмайтын балаларға Кэмбриджде оқуға мүмкіндік жасау. Бұл олимпиада келесі жылы да жалғасын табады. Қазақстандық талантты балаларға қолдау жасау біздің басты мақсаттарымыздың бірі», дейді Cambridge Edication Grouртың директоры Стивен Варшоу.«Cambridge Edication Group» Ұлыбританиядағы беделді оқу орындарының бірі саналады. Оның құрамында бүгінде ең беделді бірнеше колледж, университет бар. 2008 жылы онда оқып жатқан Қазақстандық студенттер саны 40-қа жетті.