Алматыда әйелдің басын кесіп алды деген күдікпен ер адам ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда саябақта мәйіті табылған әйелді өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Алматы қалалық Полиция департаменті Шолохов көшесіндегі саябақта мәйіті табылған әйелді өлтірді деген күдіктінің ұсталғанын хабарлайды.
Сотт санкциясымен 1962 жылы туған азамат И. қамауға алынды. Күдіктінің жәбірленушімен бірнеше күннен бері таныс болғаны, қылмыстың жанжал кезінде жасалғаны белгілі болды.
Қазір Алматы қаласы ПД Тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігімен тергеліп жатқан қылмыстық іс аясында сараптамалар тағайындады», - делінген хабарламада.

ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің (ҚР ҚПК) 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне орай өзге мәлімет жария етілмеді.

Полиция еске салып өткендей, ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, әрбір адам сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз болады.

Еске салайық, 12 сәуір сағат 08:40-те 102 пультіне Шолохов көшесіндегі қараусыз қалған ғимараттың жанынан әйелдің мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен болатын. 1976 жылы туған, тұрғылықты жері жоқ, бұрын есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталған әйелдің басы кесілгені анықталды.

Біраз уақыттан кейін сол маңдағы сауда орындарының бірінен мәйіттің басы табылды.