Алматыда Айгүл Иманбаеваның жеке театры құрылды

АЛМАТЫ. 14 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда театр актері, әнші Айгүл Иманбаеваның жаңадан құрылған «А.И» деп аталатын жеке театрында «Медея» деп аталатын жаңа қойылымның тұсаукесері өтіп жатыр.

«Қазақтың Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтіп жатқан бұл шара Айгүл Иманбаеваның жеке жобасы. Айгүл сахнадағы драмалық актриса ретінде басқа да қырларын «Медеямен» көрсеткісі келіп отыр. Француздың ұлы драматургы Жан Ануйдың бұл трагедиясын аударған Өтен Ахмет. Оны қойған Жамбыл облыстық театрының бас режиссері, қазақ театрында өз қолтаңбасы, бағыт-бағдары бар Қуандық Қасымов. Бұл қазақ театрларында әлі болмаған жаңа құбылыс болып отыр», дейді Қазақтың Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры және көркемдік жетекшісі Талғат Теменов.

«Жеке театрдың ашылуын елеулі оқиға деп қабылдау керек. Айгүл кәсіби деңгейдегі актриса. «Медеяға» баруының өзі, меніңше, актрисаның үлкен бір жүректілігін көрсетеді. Қойылым табысты өтті деп ойлаймын. Үш адамның 2 сағат бойы көрерменді сахнадағы ойынға ұйытуы - жетістік. Режиссерлік, көркемдік үйлесімдік жарасып тұр», - Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының директоы және көркемдік жетекшісі Есмұхан Обаев.