Алматыда азық-түлік бағасы қалай ауыздықталып отыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Алматыда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің баға индексі 109,4% болған. Бұл республика бойынша ең төменгі өсім болып есептеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тазабек мәлім етті.

«Бұл көрсеткішке жедел және стратегиялық шаралар арқылы қол жеткіздік. Кәсіпкерлерге жеңілдікпен берілетін борыштар дүкен сөрелеріндегі бағаны тұрақтандырудың тиімді тетігі ретінде пайдаланылып отыр», - деді Дамир Тазабек.

Осы «айналым» схемасы арқылы қазір қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрін тұрақты бағамен сатуға мүмкіндік туып отыр.

«Magnum Cash & Carry сауда желісіне жеңілдікті қарыз беру есебінен жыл соңына дейін жалпыкөлемі 7,8 мың тонна болатын 12 түрлі тауарға тұрақты баға бегіленді. Бұл – бірінші сұрыпты ұн, қарақұмық, күріш, макарон кеспесі, күнбағыс, сары май, тауық еті, сиыр еті, сүт, айран, сүзбе, қант», - деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының өкілі.

Оның айтуынша, «Тоймарт» сауда желісімен де осындай келісім жасалған. Онда жалпы салмағы 1,4 мың тонна болатын 10 түрлі тауардың тұрақты бағасы бекітілген.

«1 мамырдан 1 қарашаға дейін аталмыш сауда желісінен бекітілген бағамен бірінші сұрыпты ұн, нан, күріш, макароны кеспесін, күнбағыс және сары май, тауық еті, айран, сүзбе, тұз сатып алуға болады», - дейді ол.

Дамир Тазабек белгіленген бағалардың мөлшеріне де тоқталды. Мысалы, «Ақсай» кәсіпорны жыл айғына дейін нан бағасын 75 теңге көтермеуге келісіп отыр.

«Наннан басқа, сиыр етін, жұмыртқа мен қантты өндірушілерден тікелей дүкен сөресіне жеткізу ұйымдастырылды. «Айналым» схемасына өзге өңірлердегі өндірушілерді де тартып жатырмыз. Соның арқасында «Алатау құс» кәсіпорын тауық етінің бір келісін 820 теңге деп бекітті. Осы бағамен 1200 тонна тауық еті жеткізіледі. Ал Меркі қант зауытынан келісі 255 теңге болатын 5 мың тонна қант жеткізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қаланың негізгі базарларында, сауда желілерінде, супермаркеттерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының күнделікті мониторингі жалғасуда», - деді басқар басшысының орынбасары.