Алматыда бала денсаулығын сақтауға арналған қайырымдылық кино көрсетілімі өтеді

АЛМАТЫ. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыда 26 желтоқсанда «Хоршылар» атты француз драмасының қайырымдылық көрсетілімі өтеді. Шара мидың сал ауруына (МСА) шалдыққан 4 жасар Нұртас Шалқарға көмектесу мақсатында өткізілгелі отыр.

Оны «Komanda SOS» еріктілер үйлестіру орталығы, Олег Борецкий киноклубы және аталмыш фильм қойылатын «Цезарь» кинотеатры бірлесе ұйымдастыруда.

Балаға 6 айлық кезінде МСА диагнозы қойылған. Ата-анасы баланың денсаулығын сақтауға барын салуда, Нұртас Ақтөбе, Алматы, Астана және Астраханда емделуде. Оның жағдайы жақсарып келеді, алайда, әлі күнге дейін ол өзі отырып-тұрып, сөйлей алмайды. Өмірге деген құштарлығы мен дені сау болғысы келетінін ол тек көздерімен ғана жеткізе алады. Дәрігерлер Нұртастың аяғынан тұрып кетуіне мүмкіндік барын айтады, ол үшін үздіксіз ем қабылдау керек. Ал оған 6 мың АҚШ доллары қажет.

Қайырымдылық көрсетіліміне кіру 500 теңге болады. Сонымен бірге, кинотеатрда Нұртасқа қосымша кіріс беретін еріктілер боксы өтеді. Барлық жиналған қор Нұртастың ем-домына жұмсалатын болады.

Режиссер Кристоф Барратьенің «Хоршылар» фильмі соғыстан кейінгі Франция интернаты тәрбиеленушілерінің қиын тағдырын көрсетеді. Сонымен қатар, фильм - мейірімділіктің зұлымдықтан, адамгершіліктің жауыздықтан, бүгінгі жалғыздықтан шексіз арманның басым түсуі жайлы ертегі. Фильмнің бас кейіпкерлері - қаталдықтан басқаны көрмеген қиын жасөспірімдер. Тағдырдың жазуымен олар сиқырлы ән әлеміне кіріп, өзі мен қоршаған ортаға жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік алады.