деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шара баланың құқықтары туралы Конвенцияның 20 жылдығын атап өту мақсатында өтуде. Конференцияны Child Helpline International ұйымы, Алматы қаласы балалардың құқықтарын қорғау департаменті мен «Қазақстан дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ және «Балаларды қорғау және отбасын қолдау» қоры, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізуде.
Биылғы жылы қараша айының 20-сы күні бүкіл әлем БҰҰ-ның Баланың құқықтары туралы Конвенцияға қол қойылғандығына 20 жыл, еліміз оны ратификациялағандығына 15 жыл толады. Бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының 1959 жылы Баланың құқықтары туралы Декларацияны қабылдаған күнімен тұспа-тұс келіп отыр.
«Қазақстан дағдарыс орталығы одағының» басқарма төрайымы Зүлфия Байсақованың айтуынша, балалар Алматы қаласында тәулігіне 24 сағат бойы екі тілде, екі телефон желісінде анонимді және құпиялы түрде аталған қызметті пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізді. Бір жылдық қызмет аясында жастар мен балаларға арналған №150 Ұлттық сенім телефонына 20164 қоңырау шалынған, оның ішінде 40 пайызы балалардан түскен.
«Қоғамның проблемалары ең алдымен отбасы мен балаларға әсерін тигізеді. Бүгінгі күні Қазақстанда 5 миллиондай бала тұрады, оның 2 миллионға жуығы мектеп жасына дейінгі балалар, 2,5 миллионнан астамы мектеп оқушылары, 500 мыңнан астамы оқушы жастар болып табылады. Қазіргі кезде республикада 20 мыңнан астам девианттық мінез-құлықты балалар анықталды, 16 мыңдай жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар толық мемлекеттің қамтамасыз етуінде болып табылады. 34 мыңнан астам балалар қажетті тәрбие мен білім ала алмай, әлеуметтік қолайсыз жағдайларда тәрбиеленуде. 2009 жылы жасөспірімдермен жасалған 3 мыңнан астам қылмыстар тіркелді. Жыл сайын спирттік ішімдіктер қолданғаны үшін 20 мыңдай кәмелетке толмағандар полицияға жеткізіледі», дейді З. Байсақова.
Конференцияда Орталық Азия республикалары мен Ресейде балаларды қорғау саласында мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуын саралау, балаларға зорлық-зомбылық көрсету, мейірімсіздік танытудың алдын алу, сақтандыру және балаларды кейінгі кезектегі оңалту саласындағы алдыңғы қатарлы озық тәжірибені жинақтау, балалардың құқықтарын қорғау қызметін ұйымдастыру тетіктері мен нормативті-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау міндеттері қойылып, бала құқығына байланысты өзекті мәселелер талқыланды.