«Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында бағаның төмендеуі тек әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына ғана тиесілі екендігі туралы жалған ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды. Бағаның төмендегені барлық санаттағы тұрғындарға қатысты! Яғни, бұған дейін балабақшаларда шаруашылық есеп тобында болып келген 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар мемлекеттік қаржыландыру жүйесіне алынды. Енді биылғы 1 ақпаннан бастап, оларға төленетін айлық төлемақы 15 мың теңгеден аспайтын болады. Бұған дейін төлемақы құны - 27 мың теңгеден астам болатын. Ал енді қазіргі төленетін ақша тек балалардың тамағына ғана жұмсалады. Бес жастан асқан балалар онсыз да бұрыннан мемлекеттік қаржыландыру жүйесенде болып келген», - деді Г. Айтқұлова.
Сонымен қатар ол, балабақша құнының тек бір жыл мерзімге ғана арзандатылмағанын жеткізді.
«Баға тек бір жылға дейін ғана екі есеге төмендеген жоқ. Бұл баға бұдан кейінгі жылдары да сақталатын болады. Сәйкесінше, келесі жылдың бюджеті бекітілерде осы бағаны сақтап тұру мақсатында бюджеттен тиісті қаржы бөлінеді. Ал әзірге қала бюджетінен 3 млрд теңгедей қаржы бөлініп отыр. Бұл биылғы жылға арналған», - деді Г. Айтқұлова.
Айта кетелік, 2016 жылдың 27 қаңтарында Алматы қалалық Мәслихатының 50-ші сессиясында депутаттар мемлекеттік балабақшаға баратын бір бала үшін төленетін ақы құнын 15 мың теңгеден асырмау жөнінде қаулы қабылдаған болатын.
Бүгінгі таңда Алматыда 420 бала бақша жұмыс істейді. Оларға 54 401 бала барады. Ал кезекте тұрған балалардың саны - 38 мыңнан асады.