Алматыда балабақшаға қабылдау науқаны басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биыл Алматы қаласының мектепке дейінгі ұйымдарына 13 мыңға жуық бала қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарға ең алдымен кезектен тыс (жеңілдікпен) және бірінші кезектегі (кезегі келгендер) балалар қабылданады.

16-18 мамыр аралығында 2021, 2020, 2019, 2018 жылы туған балаларға арналған арнайы (түзету) мектепке дейінгі ұйымдарға орындар қолжетімді болады. Өзгелер үшін бос (қалған) орындар 19 мамыр сағат 6:57-де ашылады.

Орындарды толықтыру кезінде бірінші кезектегілердің телефон нөміріне кезектің келгені туралы хабарлама жіберіледі.

«Хабарлама алған ата-ананың немесе қамқоршының балабақшаға жолдама алу үшін үш жұмыс күні бар. Алынған жолдаманы мектепке дейінгі ұйымға бес жұмыс күні ішінде ұсыну қажет. Осы уақыттан кейін жолдама жойылады. Бұл ретте баланың кезегі тоқтату парағына 10 күнде барады, онда ол бос орындарды бөлуге қатыса алмайды. 10 күннен кейін баланың кезегі қалпына келеді», - деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Айта кетерлігі, орындарды бөлу процесі толығымен автоматтандырылған.

Әрі қарай жалпы үлгідегі мемлекеттік балабақшаларға жинақтау басталады:

- Бірінші кезең 2021 жылы туған балаларға - 22 мамырда мектепке дейінгі ұйымдарға орындар қосылады. Кезегі келген балаларға бұл орындар 23-25 мамыр аралығында сағат 7:00-ден бастап қолжетімді болады. Бос орындар (қалған) барлығына 26 мамырда сағат 6:57-де шығады.

- Екінші кезең 2021 жылы туған балаларға - 12 маусымда мектепке дейінгі ұйымдарға орындар қосылады. Кезегі келген балаларға бұл орындар 13-15 маусым аралығында сағат 7:00-ден бастап қолжетімді болады. Бос орындар (қалған) барлығына 16 маусымда сағат 6:57-ден шығады.

- Бірінші кезең 2020 жылы туған балаларға - 29 мамырда мектепке дейінгі ұйымдарға орындар қосылады. Кезегі келген балаларға бұл орындар 30 мамыр мен 1 маусым аралығында сағат 7:00-ден бастап қолжетімді болады. Бос орындар (қалған) орындар барлығына 2 маусымда сағат 6:57-де шығады.

- Екінші кезең 2020 жылы туған балаларға - 19 маусымда мектепке дейінгі ұйымдарға орындар қосылады. Кезегі келген балаларға бұл орындар 20-22 маусым аралығында сағат 7:00-ден бастап қолжетімді болады. Бос орындар (қалған) орындар барлығына 23 маусымда сағат 6:57-ден бастап шығады. 5 маусымда 2019, 2018 жылы туған балаларға арналған орындар қосылады. Кезегі жақындаған балаларға бұл орындар 6-8 маусым аралығында сағат 7:00-ден бастап қолжетімді болады. Бос орындар (қалған) орындар 9 маусымда сағат 6:57-ден бастап ашылады.

«Осылайша, мектепке дейінгі ұйымдар дүйсенбіде бос орындарды орналастырады. Сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбіде олар кезектен тыс және бірінші кезектегі балаларға қолжетімді болады. Жұма күні сағат 6:57-ден бастап қалған бос орындар барлық кезектегілерге қолжетімді болады. Балабақшаларға жолдамасы бар балаларды қабылдау мектеп алдындағы топтан шыққан кезде жүзеге асырылады, себебі мектепке дейінгі мекемелер қызметінің үлгілік ережелеріне сәйкес, мектепке дейінгі топтардың балалары 1 тамызға дейін балабақшаларға бара алады», - делінген әкімдік хабарламасында.