Алматыда балалар лагеріндегі оқиғаға жауаптылар жазаланады
Мониторинг барысында Қонаев қаласындағы Jellyfish және Қарасай ауданындағы «Өрнек» лагерьлері тексерілді. Осыдан соң журналистерге берген сұхбатында Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова екі лагерь де санэпидем орталығы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетінін айтты.
«Мен қауіпсіздік жүйесіне, бейнекамераларға, олардың жедел басқару орталығына қосылғанына, күзеттің болуына, күзетшіге қажетті элементтердің болуына назар аудардым. Олардың барлығы лагерлерьде бар», - деді Насымжан Оспанова.
Ол «Бел Ричи» ЖШС («Арман Дала») лагерінде балалармен болған келеңсіз оқиғаға қатысты адамның барлығы жауапқа тартылатынын жеткізді.
«Мораторий болса да, келісімшарт жасасқан соң, кәсіпкерлік нысанына барып, онда балалардың қауіпсіз жағдайда екеніне көз жеткізу керек еді. Мен ол процесс болмаған деп ойлаймын. Оны қалалық Білім басқармасы да мойындады. Сол себепті біз оған кінәлі адамдардың белгілі бір жазаға тартылғанын дұрыс деп санаймыз. Қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
Біздің комитет осы жұмыстарды бақылау үшін келді. Сіздерді сендіргім келеді, балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға жауапты әрі міндетті болған жауапты тұлғаның барлығы жазаланады. Комитет оны өз бақылауына алды», - деді Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева «Арман Дала» лагерін жауапқа тарту үшін тиісті құжаттарды сотқа дайындап жатқанын айтты.
«Алматыда 214 мемлекеттік мектеп бар, онда үш мыңнан астам бала білім алады. Алматы қаласының әкімдігі жыл сайын балалардың жазғы сауықтыру орталықтарында демалуға қаржы бөліп отырады. Биыл 377 миллион теңге бөлінген. Бұл ретте қалалық Білім басқармасына қарасты «Өрнек» лагері жалғыз мемлекеттік лагерь болып саналады.
Ол үш мың баланы қамтамасыз ете алмаған соң, Білім басқармасы қосымша конкурс ойнатып, жекеменшік лагерьлердің конкурсқа қатысуына жол берді. Осы конкурстың нәтижесінде ұтып шыққан «Бел Ричи» компаниясының «Арман Дала» лагерін өздеріңіз білесіздер. Өкінішке қарай, олар өз міндеттерін дұрыс орындамады, сол үшін оларды жауапқа тарту үшін тиісті құжаттарды сотқа дайындап жатырмыз.
Конкурсқа қатысқан кезде олар барлық құжат конкурсқа сай, санэпидем орталықтың қортындысы бар, өрт қауіпсіздігі, басқа да қауіпсіздік органдары беретін қортындылар құжаттарында көрсетілген еді. Бірақ іс жүзінде лагерь талапқа сай болмады. Келеңсіз жағдайға байланысты біз олардың құжаттарын кері қайтардық. Бұл лагерьге мемлекет және басқарма тарапынан бірде-бір тиын төленген жоқ. Келісім жасалды, алайда кейін келісім бұзуға берілді», - Ләззат Жылқыбаева.
Оның айтуынша, «Арман Дала» лагеріне демалысқа барған 300 бала енді қосымша демалыспен қамтамасыз етіледі.
«Біз конкурстан ұтып шыққан лагерьлердің құжаттарын қарап, тексеріп, ата-аналардың сұранысына сәйкес басқа лагерьлерге жібереміз. Біз «Арман Дала» лагерінен соң «Тау Самалы» лагерін де барып көрдік. Ол лагерь талапқа сай болмаған соң онымен келісімшартты бұздық. Олардың да құжаттарын сотқа жібереміз. Себебі лагерь орналасқан жер құжатта көрсетілген мекенжайға сай емес болып шықты. Сондықтан нақты құжатта көрсетілмеген лагерь талапқа сай емес болып саналады.
Ол жерде бірінші кезекте 50 бала, ал «Арман Далаға» бір кезекте 350 бала демалу керек болатын», - деді қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Еске салайық, бұған дейін алматылық оқушылардың демалуға жазғы лагерьге емес, саунаға жіберілгенін хабарлағанбыз.
Алматы прокуратурасы сауна ғимаратында балалар лагерін ұйымдастыру ісі бойынша тергеуді бастады. Кейін депутаттар саунадан балалар лагерін ашқан кәсіпкер ұтып алған тендердің құны 107 млн теңге екеніне көз жеткізді.