Алматыда балалар шығармашылығының сурет көрмесі ашылды

АЛМАТЫ. 5 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыдағы Орталық көрме залында «Арманға құлаш сермеу» деп аталатын балалар шығармашылығының сурет көрмесі ашылды.

«Креатив» коммерциялық емес қоғамдық қорының директоры Лим Джоноктың ұйымдастыруымен ашылған көрмеге оның 5 жастан 18 жасқа дейінгі шәкірттерінің және өзінің Mixed Media (аралас материал) техникасымен салынған суреттері қойылған.

Балалардың әр туындысынан олардың арманын, үміті мен қалауын көруге болады. Көрменің ұйымдастырушысы Лим Джоноктың айтуынша, ұсынылған көрме әр келушіге бүгінгі күннен «ертеңі жақын» болған жарқын күндерге құлаш сермеуге мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатында балалар өз суреттерін ғана ұсынып қоймай, фортепьяно, қобыз, гитара сияқты аспаптарда ойнай алатындықтарын көрсетті.

Көрме жұмысы қарашаның 18-не дейін жалғасады.

«Креатив» коммерциялық емес қоғамдық қоры - әлеуметтік жағдайы нашар отбасылармен және олардың балаларымен әлеуметтік, білім беру, мәдени саласы бойынша жобалармен жұмыс істейтін ұйым.