Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлықтар тапсыру рәсімі өтті. Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров балалар үйінің тәрбиеленушілеріне спорттық құрылғылар мен қысқы киімдер жиынтығын табыс етті.
Аталған шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Іле ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы және «Sagadat batyr – QTT» клубының құрметті президенті Ерболат Тұрымбетов, сондай-ақ джиу-джитсу және грэпплинг бойынша әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, клубтың жаттықтырушылары мен тәрбиеленушілері қатысты.
Қазіргі уақытта балалар қала әкімдігімен бірлескен жоба аясында «Sagadat batyr-QTT» спорт клубында джиу-джитсумен тегін айналысады. Олардың кейбіреулері жаңадан келгендер арасында турнирдің жүлдегері атанып үлгерді.
Ержан Бабақұмаров балалардың спортқа деген қызығушылығын оң бағалап, жарыстарда сәттілік тіледі.
«Клубта 200-ден астам спортшы жаттығады. Клуб жанынан «Бақытты болашақ» қоғамдық қорын аштық, оның аясында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін тегін сабақтар, қайырымдылық акцияларын өткіземіз. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және меценаттардың арқасында бүгін «Жанұя» балалар үйінің 20 баласына қысқы сырт киім мен кимоно сыйлаймыз. Біздің мақсатымыз тәрбиеленушілерімізді әлем чемпиондарына айналдыру», - деп атап өтті аралас жекпе-жек палуаны, «Sagadat Batyr» клубының бас бапкері Нұрсұлтан Орынбасаров.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада қазіргі таңда 4-тен 17 жасқа дейінгі 243 мыңнан астам бала спортпен шұғылданады. Мегаполисте түрлі меншік түрінде 3400 нысан жұмыс істейді. Бос уақытта спортпен айналысуға болатын 100 тынығу орталығы жұмыс істейді, онда 8 мыңнан астам адамды қамтитын 36 спорт секциялары мен үйірмелері тегін әрі қолжетімді. Балаларды тегін спорт секцияларымен қамтуды кеңейту мақсатында жан басына қаржыландыру тетігі белсенді қолданылады.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша 4-тен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін секцияларда спорттың 71 түрі жүзеге асырылады. Мамандандырылған әлеуметтік мекемелерде спортпен айналысуға жағдай жасау үшін жұмыстар жүруде.