Бұл Оңалту орталығы Алматыдағы «Немо» дельфинариесі базасында құрылған. Мұнда Украинадан келген тәжірибелі мамандар жұмыс атқарады.
Осы орталықтағы дельфинотерапия бөлімінің жетекшісі Алексей Полищук бұл ем-шара сал және аутизм дертіне шалдыққан балаларға қолданылатындығын жеткізді.
Қара теңіздің дельфиндері адамның орталық жүйке жүйесіне, иммундық және басқа да зат алмасу үдерістеріне оң әсер етеді екен.
Дельфиннің қатысуымен болатын дәрістер есту және сөйлеу қабілеті нашар науқастардың осы қабілеттерін дамытады. Әртүрлі бұлшық еттерді күшейту арқылы физикалық күйін жақсартады, жан күйзелісін азайтып, неврологиялық жағдайын тыныштандырады.
«Әрине, дельфинотерапия судан және теңіз жануарларынан қорықпайтын балаларға қолданылады. Бұл ем-шара бірнеше кезеңнен тұрады. Барлығы 10 сеансты құрайды. Бір курс 25 мың теңге тұрады. Бізде мысалы, аутизм дертіне шалдыққан Дана есімді бүлдіршін болатын. «Мама» деген сөзден басқа ештеңе айтпайтын. Бірнеше сеанстан кейін ол қазір 7 сөзге дейін айта алады», - деді А. Полищук.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың айтуынша, бүгінде қалада ерекше қажеттілікті талап ететін 7 мыңдай бала өмір сүреді. Олардың ішінде 3 мың бала түзету білім беру ұйымдарында дәріс алады. «Алматы қаласын дамыту 2020» бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға қарай, осындай балаларды барынша толық қамту жоспарланған. Сонымен қатар ол, бүгін Алматыда сал дертіне душар болған балаларды оңалту бойынша тиісті Меморандумға қол қойылғандығын жеткізді.
«Дельфинотерапия шын мәнінде өте күрделі психоэмоциялық, психофизикалық үдерістер. Ол психотерапиялық әсерге ие. Дельфиндермен айналысқаннан кейін балалардың есте сақтау, зейін қойып тыңдау және еңбекке деген қабілеті артады. Ал жалпы, дельфиндердің шығаратын дыбысы баланы дамытуға өте пайдалы», - деді А. Полищук.