Алматыда балаларға арналған хоспис ашуға байланысты қайырымдылық жоба басталды

АЛМАТЫ. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазіргі уақытта Қазақстанда балалар онкология мәселесі өзекті болып отыр. Республикамызда 4 балалар онкологиялық бөлімі ғана бар, онколог-дәрігерлер жетіспейді, соның салдарынан балалардағы қатерлі ісік аурулары асқынған кезде, 3-4-ші сатысында анықталуда.

Бір ғана оңтүстік астананың өзінде хоспистің көмегіне зәру 200-ден астам бүлдіршін бар. Сондықтан елімізде Балалар хосписі болуы қажет. Біз бұған дейін осы мәселеге байланысты Алматыда қатерлі ісік ауруларына шалдыққан сәбилерді емдеуге арналған хосписті ашу мәселесін көтерген болатынбыз. Бұл бастама бүгінде қала әкімдігі тарапынан қолдауға ие болып, қалалық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе шешімін табуда. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында "Салауатты Азия" қоғамдық қорының директоры Нағима Плохих айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік және коммерциялық мекемелер, ұйымдар мен халықаралық компаниялар тартылуда. "Қазіргі уақытта қала бюджетінен ғимаратты жөндеуге қаражаттар бөлінді. Толықтай хосписті ашуымыз үшін 67 миллион теңге жинауымыз керек. Ол хоспис ең алдымен моральдық қолдауға мұқтаж бүлдіршіндерге қажет. Біздің бастамамызға алғашқылардың бірі болып, КаР-Тел» компаниясы көмекке шықты. Осы компаниямен бірге «Мен сенімен біргемін: Хоспис - балаларға» атты қайырымдылық жоба аясында SMS-акция өтетін болады. Қауіпті дертке шалдыққан балалардың тағдырына бей-жай қалмайтын барлық қазақстандықтарды акцияға қатысуға шақырамыз. Ол үшін «Beeline» брендіне 5353 нөмірін теріп жіберсе болғаны. Хабарламаның бағасы -50 теңге. Ауыр дертке шалдыққан балалар біздің елдің балалары, сондықтан "бөтен бала болмайды" демекпін, оларға көмектесу үшін күшімізді біріктіріп, "Біз сенімен біргеміз" деп айтуымыз керек", деді Нағима Плохих. Оның айтуынша, хоспистің ашылуы жиналатын қаражаттарға байланысты.

Баспасөз мәслихатына арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов қала қазынасынан хоспистің күрделі жөндеу жұмыстарына 60 миллион теңге қаражат бөлінгендігін айтты. "Балаларға арналған хосписке Басенов көшесіндегі №2 үй берілетін болады. Мен әр адамды, әр алматылықты бұл мәселенің өзектіліне мән беріп, маңыздылығын түсінсе деймін. Шынымен де "бөтен бала болмайды" бәрі біздің елдің балалары", деді Серік Сейдуманов.

Медициналық мәліметтерге сүйенсек, жылына 500 кішкентай баладан қатерлі ісік ауруы анықталады екен. Оның 40 пайызы айықпас дерттің салдарынан жарық дүниемен қоштасады. Қазіргі кезде ауыр сырқатты адамдарға (үлкендерге) арналған қамқорлық үйлері еліміздің Алматы, Павлодар, Өскемен, Қарағанды, Қостанай, Семей қалаларында бар. Бұл орындарда онкологиялық ауруларға және созылмалы инфекциялық дертке шалдыққан сырқаттар емделуде.