Алматыда «Балаларға өмір сыйла» акциясы басталғалы бері 307 бала құтқарылды

АЛМАТЫ. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда «Милосердие» еріктілер қоғамы» (ДОМ) қорының «Балаларға өмір сыйла» акциясының аясында 307 бала құтқарылды.

Бұл туралы бүгін Алматыда аталмыш қордың есеп беру баспасөз мәслихатында «ДОМ» қорының жетекшісі Аружан Саин айтты.

Оның айтуынша, 2007 жылдың ақпан айынын 2011 жылдың наурыз айына дейін балалардың емделуіне жиналған қаражат 1 миллион 754 мың АҚШ долларды құраған. «Бұл ата-аналардың жеке есеп шотына түскен қаражаттарды есептемегендегі жалпы сома. Осы уақытқа дейін, мыңдаған қазақстандықтардың көмегі арқасында ауыр науқаспен, өлім аузында жатқан көп балаға ота жасалып, бүгінде олар ата-аналарының жанында бақытты өмір сүруде. Бұл акция әлі де жалғасатын болады, өйткені ондай көмек күткен балалардың саны одан әрі артуда. Сондықтан да, біздер мен сіздердің жұмыстарыңыздың тиімділігі одан да жоғары болуы керек»,-деді А.Саин.

Жиында қордың басшысы қайырымдылық ұйымның www.detdom.kz сайты қайта жаңартылғандығын, сонымен қатар, «Хабар» телеарнасынан «Балаларға өмір сыйла» атты бағдарламаның күнде шығатындығын хабарлады.

Есептік шараға акция аясында көмек алған отбасылар, сонымен қатар, еріктілер, демеушілер, танымал қоғам қайраткерлері, бизнестің, ҮЕҰ-дың өкілдері қатысты. Сондай-ақ, «Motor-Roller» тобы мен «Антре» балет студиясының өнерпаздары қатысып, өз өнерлерін көрсетті.