Алматыда «Балаларымызды қорғайық» атты акция өтуде

АЛМАТЫ. 20 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда «Балаларымызды қорғайық» атты акция өтуде.

Осы іс-шара арқылы қоғам назарын балалардың мәселесіне аударғымыз келді, деп атап өтті Халықаралық адам саудасы құрбандарын еске алу және онымен күрес күніне арналған акция барысында балалардың құқығын қорғау жөніндегі қалалық департаменттің директоры Сәуле Бекетова.

Аталған шараны Қазақстандағы дағдарыс орталығы одағы және Алматы қаласының балалар құқығын қорғау департаменті ұйымдастыруда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның мақсаты - қоғам назарын адам саудасы мәселесіне аударту, қала тұрғындарын бұл мәселемен ақпараттандыру, адам саудасына жол бермеу болып табылады.

Акция барысында «Таңсәрі» шоу тобы өнер көрсетіп, адам саудасы құрбандарын еске алу мақсатында әуе шарлары ұшырылды. Барлық қатысушыларға ақпараттық материалдар, 11616 жедел телефон нөмірі жазылған қаламдар мен күнтізбелер таратылды.

Халықаралық адам саудасы құрбандарын еске алу және онымен күрес күні 1971 жылы ЮНЕСКО-ның атқарушы кеңесінің 150-ші сессиясындағы ұсыныс бойынша жыл сайын 23 тамызда аталып өтілуде.

БҰҰ-ның дерегіне қарағанда, жыл сайын миллиондаған адам, әсіресе әйелдер мен балалар қорлық пен алдаудың құрбанына айналып, «тірі тауарға» айналады екен.