Спикердің айтуынша, Алматыда кәмелетке толмағандар ісі бойынша 230 полиция инспекторы қызмет етеді.
«Биыл жедел профилактикалық іс-шаралар шеңберінде 357 жасөспірім, сондай-ақ 380 тұрмысы нашар отбасы анықталып, полицияның есебіне қойылды. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының есебінде 393 бала және 583 тұрмысы нашар отбасы тұр», - деді Жанна Шонжанова.
Спикер жасөспірімдер қылмысының негізгі себептерін атады.
Оның сөзінше, ата-анасы ішімдікке құмар болса, балаларын бақылаусыз қалдырады.
Сондай-ақ, егер бала бос уақытында ешқандай үйірме, секцияға қатыспаса және құқықтық сауатсыздығынан қылмыс жасайтын кездері болады.
Егер ата-аналар баласын қараусыз қалдырып, дұрыс тәрбие бере алмаса, онда балалар арнайы орталыққа жіберіледі.
Бұл ретте жыл басынан бері Алматыда өмірлік қиын жағдайға тап болған 653 жеткіншек балаларды қолдау орталығына орналастырылған.
Жанна Шонжанова кейбір жағдайларға жасөспірімдердің ата-анасы жауапты екенін айтты.
Мысалы, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында (сағат 22.00-ден кейін) және түнде үйден тыс (сағат 23.00-ден кейін) жерде заңды өкілінсіз жүргені үшін 5 640 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылған.
«Олар басқа қалада тұратын, Алматыға белгілі бір мақсатсыз, заңды өкілінсіз келетін балалар, олар көбіне құқық бұзу субъектілері мен объектілеріне айналады. Анықталған әрбір факт бойынша кәсіпкерлік субъектілері ретінде мекеме иелері секілді, ата-аналар да әкімшілік жауапқа тартылады», - деді спикер.
Осы кезеңде комиссия отырыстарында кәмелетке толмағандарға қатысты түрлі фактілер бойынша 250 материал қаралды.
Нәтижесінде 23 адам ата-ана құқығынан айырылды.
539 ата-ана бала тәрбиесіне қатысты міндеттерді дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған.