Жаңа жол белгілері сызылған жолдарда көлік қозғалысы ашылды.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек кезекті жұмыс сапарында жол және коммуналды инфрақұрылымды қайта жасау жұмыстарының барысын тексерді.
Бүгінде магистральды көшелердегі жоспарланған 151 шақырым жолдың барлығына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық маңызы бар 85 көшелердегі жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады. 32 тротуарлардың 26 шақырымы жаңартылды және жөнделді. Биылғы жылы қала бойынша 317 шақырым су құбыры мен 265 шақырым кәріз желісін салуға және қайта жасауға қаржы бөлінді. Ұзындығы 284 шақырым болатын жаңа су құбыры биыл күзде 175 мыңнан астам адам тұратын 35 мың тұрғын үйді сумен қамтудың орталық жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.
Шевченко және Конаев көшелерінде көлік қозғалысы ашылып, рельстер алынып тасталды.
Орбита ықшам ауданынан Көкбазарға дейінгі велодәліздің бір бөлігі болып табылатын веложолдар абаттандырылып жатыр.
Күрделі жөндеу жұмыстары жүрген Байтұрсынов көшесі бойымен Тимирязев көшесінен Абай даңғылына дейінгі жолдар аумағы да жөнделіп, мұнда да көлік қозғалысы ашылды. Тротуарлар мен веложолдар көріктендіріліп жатыр. Жандосов көшесінің ұзындығы 2,8 шақырым болатын учаскесіндегі күрделі жөндеу жұмыстары да аяқталып қалды. Қазіргі кезде мұнда қозғалыс бөлігі , тротуарлар мен веложолдар абаттандырылып жатыр.
Асқаров көшесінен Әл-Фараби даңғылының батыс бөлігіндегі ұзындығы 3,5 шақырым болатын су жүйесі қайта жасалуда. Соның арқасында қыркүйек айында 200 мыңға жуық қала тұрғыны ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қала әкіміне қайта жасалған учаскеге қара асфальт төселген соң 30 тамызда көлік қозғалысының ашылатындығы баяндалды.
Алматы әкімі Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының басшысына жұмысты жеделдетуді әрі сапалы атқаруды, аумақты көріктендіруге баса назар аударуды тапсырды.
Мегаполис басшысы Жұбанов, Төле би, Мәметова және Қазыбек би көшелері бойындағы жылу жүйелерін қайта жасау жұмыстарын да тексерді.
«Төле би - үлкен көлік легі бар магистарльды көше. Мұнда ұзындығы 1,6 км болатын аумақта күшейтілген режимде жөндеу жұмыстары жүруде, технологиялық процесс толық сақталуда. Жұмысты 25 қыркүйекте аяқтауды жоспарлап отырмыз.Төле би бойымен Масанчиге бұрылатын жерден Қарасай батырға дейінгі аумақтағы жөндеу жұмыстарын тамыз айында бітіреміз, сонымен қатар Маметова мен Қазыбек би көшелеріндегі жөндеу жұмыстарын да осы мерзімде толық аяқтаймыз», - деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС директоры Ерболат Аманғалиев.
Жалпы, жаңа жылу маусымына дейін ұзындығы 32 шақырымнан асатын жылу жүйелері жөндеуден өтеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп. Желіге жаңа изоляцияланған құбырлар салынып жатыр. Бұлардың пайдалану мерзімі 40 жыл.
Сонымен қатар, қалада Фурманов, Абай, Хмельницкий көшелерін ұзарту және бірнеше жолайрықтарын салу жұмыстары одан әрі жалғасады. Абай даңғылы бойындағы Есентай өзені арқылы өтетін көпірде күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Оның солтүстік бөлігіндегі көлік қозғалысы - 1 қыркүйекте, ал оңтүстігіндегі көлік қозғалысы 1 қазанда ашылатын болады.
Қаланың инженерлік-коммуникациялық құрылымын дамыту мәселесі «Алматы-2020» Даму бағдарламасында жан-жақты көзделген.
Аталған құжат 2015 жылы қоғамдық талқылаудан өтті.
Қаладағы төтенше жағдайды болдырмау мақсатында қала аумағындағы (оның ішінде қосылған) су қорғау жолақтарының, өзендердің арналарының, каналдардың, сушаруашылығы құрылғыларының жекелеген бөліктерін қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу, қаланың кіші өзендерінің арналарының жекелеген бөліктерін қайта жаңғырту, су нысандарының су қорғау жолақтарын қайта жаңғырту және абаттандыру, коммуналдық меншіктегі сушаруашылығы қондырғыларының қызметін қамтамасыз ету, арық желілері мен нөсер кәріздерін қайта жаңғырту және салу көзделген.
2020 жылға дейін Алматыдағы барлық арықтар жаңартылуы тиіс.
Өткен жылы әкімдік қызметкерлері 1000 шақырым арық желісін тексерген еді. тексеру барысында 500 км арық желісін ауыстыру керектігін анықталды.
Биыл қалада 100 шақырым арық желісі жаңартылса, келесі жылы қалған 400 шақырым арық желісі толық ауыстырылады.
Сонымен қатар, бағдарлама бойынша сумен жабдықтау, суды ағызу жүйесіндегі шығындар мен тозуды төмендету, оның ішінде жыл сайын 30 шақырымға дейін қайта жаңғырту есебінен күрделі, апатты жөндеулер көлемін арттыру қарастырылған.
2020 жылға қарай жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының сапасын 80%-ға арттыру көзделген. 2015 жылы бұл көрсеткіш 65% болды.
2020-ға дейін инженерлік желілердің тозу көрсеткішін төмендету жоспарланып отыр.