«Бүгінгі медициналық ғылыми форум мұндай кең көлемде ТМД аумағында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Оған академиялық рейтингі бойынша әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына кіретін медициналық жоғары оқу орындарының профессорлары, сондай-ақ, еліміздің өңірлері мен алыс және жақын шет елдерден невролог дәрігерлер, терапевтер, нейрохирургтар, реаниматологтар және жалпы практикалық дәрігерлер келді. Барлығы шамамен 500-ге жуық делегат қатысып отыр. Бүгінгі шараның басты мақсаты аты айтып тұрғандай, неврология саласындағы білімді жаңғырту, өзара тәжірибе алмасу және осы салада жеткен жетістіктермен жете танысып, өзекті мәселелерді жан-жақты талқылау. Инсульт, шашыраңқы склероз, Паркинсон дерті, деменция секілді аурулардың ұтымды емдеу жолдарын іздестіру», - деді өз сөзінде С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ғылыми қызметкері, Қазақстан неврологтарының «Neurosciences» ұлттық қауымдастығының депаратмент бастығы Аида Коңдыбаева.
Айта кетелік, бүгінгі шараға Бүкіләлемдік неврологтар федерациясы, Азия және Океания қауымдастығы және Еуропа неврологтары академиясы қолдау көрсетіп отыр.
Форум барысында ғылыми баяндамалар оқылып, талқылаулар жүргізіледі және шеберлік сыныптары өткізіледі.
Ғылыми форум 8-ші қыркүйекке дейін жалғасады.