Алматыда «Бауыржан Момышұлы оқулары» өтеді

АЛМАТЫ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Ертең Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағы үйінде өтетін шараға Бауыржан Момышұлының отбасы мүшелері, оның көзін көрген қызметтес жандар, өнер қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, әдебиет сүйер қауым мен студент жастар және мектеп оқушылары қатысады.

Аталмыш мәдени шара биыл туғанына 100 толып отырған Халық қаһарманының ерлік істерін көпшілікке насихаттауға арналып отыр.

Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, Халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлы (1910-1982) Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінің түлегі.

Ол 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен даңқты генерал-майор И. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-ыншы атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды. Онда батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарды.