Көрмеге Бауыржан Момышұлы жайлы жазылған кітаптар, батырдың фото суреттері мен қолданған заттары қойылған.
Жүздесуге М. Дулатов атындағы №136-ыншы және №17-інші мектеп интернатының оқушылар қатысты. Олар батыр аталары жайында өлеңдер оқып, әндер шырқады. Аталмыш шараға арнайы қатысқан жауынгер жазушы Әзілхан Нұршайықов, "Бауыржантану" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мекемтас Мырзахметұлы, батырдың келіні Зейнеп Ахметова ұлы тұлға жайында өз пікірлерін айтып, тәуелсіздігімізді баянды етіп, мемлекетімізді нығайтудағы батыр мұрасының тағылымы ерекше мол екендігін жеткізді және жас ұрпақты Бауыржандай кесек тұлғадан үлгі алуға шақырды.
"Халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған батырлар аз болған жоқ. Бірақ солардың бірегейі Бауыржан Момышұлы - өшпес ерлігімен, азаматтық дара қалпымен, ұлтжандылығымен, намыстылығымен халқымыздың орынды мақтанышына айналған ұлы тұлға. Ондай адам бүгінде ешқайда жоқ, ол қайталбас тұлға. Қасиеті қымбат, сымбаты сирек, жүз жылда бір рет келетін қайсар тұлға ретінде Бауыржан халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады", - деді жазушы Әзілхан Нұршайықов.
Кездесу барысында сонымен қатар ол. "Мен Бауыржанды алғаш рет 1943 жылы "Знамя" деп аталатын №5-інші журналдан оқып білдім" - деді. "Соғыс соңына дейін өзімді Бауыржандай ұстап, соған ұқсап бақтым. Ал ол кісімен мен 1958 жылы Мәскеуде ақын-жазушылардың жиынында таныстым. Одан кейін Қазақстанда «Жалын» журналында жүргенімде Бауыржан Момышұлының 60 жылдығына орай 6 беттік мақала жазуды тапсырып, мен батыр тұлғамен екінші рет кездестім. Ол кісімен әңгімелесіп 160 беттік мақала жазып шықтым. Бір нөмірге сыймағандықтан, ол кездегі "Жұлдыз" журналына екіге бөліп басып шығарды. Осылайша менің "Истинная легенда" деп аталатын романым дүниеге келді", - деді оқушыларға Бауыржан Момышұлы мен алғаш таныстығын баяндаған жазушы Әзілхан Нұршайықов.
Шара соңында Батырдың келіні Зейнеп Ахметова мұражайға Бауыржан Момышұлының қолы тиген домбыра мен қол мәшіңкені, сонымен қатар көпшілік көрмеген фото суреттерді, ұлы Бақытжанның әкесі туралы жазылған кітаптарды табыс етіп: "Бұл көрме жастардың үлгі-өнеге алатұғын ортаға айналсын деп тілеймін! Еліміздің балаларын, ертеңгі елдің есі болатын жас ұрпақты аталарыңның аруағы қорғап, қолдап, батыр ұлдар дүниеге келе берсін деп тілеймін", деп батасын берді.
Кездесу барысында "Қазақтың Бауыржаны" атты деректі фильм мен "Алматы соғыс жылдарында" атты көрме ұсынылды.