Алматыда Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мемориалдық көрме ашылды

АЛМАТЫ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы ҚР Мемлекеттік орталық мұражайында Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Аты аңызға айналған батыр» атты мемориалдық көрме ашылды.

Көрмені ҚР Мемлекеттік орталық мұражайы ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатымен бірлесе ұйымдастырып отыр. Онда батырдың 1961 жылы мұражайға өз қолымен табыстаған жеке заттары, батырдың өмірі жайлы мұрағаттық фотоматериалдар, Елбасының батырдың ұлы Бақытжан Момышұлына әкесінің жоғары марапатын тапсыру рәсімдік салтанатын бейнелейтін фотосуреттер және басқа да жәдігерлер қойылған.

«Осы мұражайдың «Қазақстан ҰОС жылдарында» экспозициялық залында Б. Момышұлының тұтас жәдігерлер кешені орналастырылған. Ал бүгінгі көрмеге сол жәдігерлерін қойып отырмыз. Мұнда тарихи естеліктермен қатар, Бәукеңнің «Өнер» баспасынан шыққан 30 томдық шығармалар жинағы да бар», - деді мұражайдың қорды есепке алу, сақтау және қалпына келтіру бөлімшелерінің жетекшісі Мұхамбетқали Кипиев.

Көрменің ашылу салтанатында ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінің курсанттары мен №131 гимназия оқушылары жазушының еңбегінен үзінділер оқып, концерттік бағдарламалар орындады. Сонымен бірге, шара аясында мұражай педагогтары Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары үшін «Халықсыз батыр жоқ» атты мұражай сабақтарын өткізуді жоспарлап отыр.

Көрме жыл соңына дейін жалғасады.