Алматыда Бибігүл Төлегенованың халықаралық ән байқауы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Кеше Алматыда Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Бибігүл Төлегенованың ІV халықаралық ән байқауының салтанатты ашылу рәсімі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байқауды ҚР Мәдениет министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің және «Шеврон» компаниясының қолдауымен «Мирас» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. Оған 20 мен 34 жас аралығындағы отандық, Қырғызстан, Өзбекстан, Эстония, Ресей және Болгариядан үміткерлер қатысуда. Қатысушылардың ән айту реті жеребе бойынша анықталды.

Өнер сайысының бас қазысы КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, профессор, академик Бибігүл Төлегенова. Қазылар алқасында басқа да опералық өнер шеберлері төрешілік жасайды.

Қыркүйектің 27-сіне дейін жалғасатын ән байқауының 2 туры мен жабылу салтанаты Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияда өтеді.