Алматыда Бибігүл Төлегенованың ХІІ халықаралық вокалистер конкурсы басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қала күні қарсаңында және Абай атындағы ұлттық академиялық опера және балет театрының 95-ші маусымының ашылуына орай Бибігүл Төлегенованың ХII халықаралық вокалистер конкурсы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау қыркүйек айының 11-і мен 17-сі аралығында Абай атындағы ұлттық академиялық опера және балет театрында өтеді.

«12 қыркүйек күні іріктеу турына тыңдау болды. Ал 11-і күні Абай атындағы опера және балет театрында Бибігүл Төлегенованың ХІІ халықаралық вокалистер конкурсының ашылу салтанаты өтті. Кеш қонақтары мен конкурсқа қатысушыларына Қазақстанның және КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның және КСРО Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова ыстық лебізін жеткізді»,- деп атап өтті ұйымдастырушылар.


Люксембургтан арнайы келген әділ қазы мүшесі, халықаралық конкурстардың лауреаты, әлемдік опера ханшайымы Елена Зарембаның айтуынша, Бибігүл Төлегенованың халықаралық вокалистер конкурсы – әлемдік және жоғары деңгейлі жастар үшін ең классикалық музыка байқауы.

«Бұл байқау жаңа таланттарға жол ашады. Қатысушыларға өздерінің шығармашылық әлеуетін паш етуге мүмкіндік береді. Кәсіби тәжірбиелік тұрғыда өздерінің шеберліктерін шыңдайтын, классикалық өнерде жоғары деңгейге шығуға жол ашатын алаң, ал өнер жолын жаңа бастап келе жатқан орындаушыларға алғашқы кәсіби алаң деуге болады», - дейді ол.

Байқауға қатысуға Қазақстанның барлық өңірі мен 11 елден 73 өнерпаз ниет білдірді. Талап бойынша конкурсқа 1988 жылдың 1 қазанынан кейін және 2004 жылдың 1 қазанына дейін дүниеге келгендер қатысады.


Байқауда қатысушылар іріктеу және финалдық турлардан өтеді. Барлық тыңдау ашық өткізіледі. Орындаушылардың қатысу реттілігі жеребе арқылы анықталып, байқау аяқталғанша сақталады. Финалға 14 қатысушы жолдама алады.

Қатысушылардың өнерін жоғары мәртебеге ие кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Олардың қатарында Италия, Люксембург, Чехия, ҚХР және Қазақстанның әлемдік деңгейдегі опера өнер майталмандары бар.

ХII Халықаралық вокалистер конкурсының қазылар алқасының төрағасы КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова.