Алматыда бильярд ойыны барысында жәбірленушіні абайсызда ұрып өлтірген адам 8 жылға сотталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Кеше Алматы қаласының №2-ші Бостандық аудандық сотында А. Е. есімді азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-ші тармағы бойынша (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан қылмыстық іс-әрекеттер) қылмыстық істі қарау аяқталды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

Сот шешімімен А. Е. ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-ші тармағында қарастырылған қылмыстарды жасаған деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айрылды. Сотталушы енді жазасын жалпы режімдегі түзету колониясында өтейтін болады.  

Соттың анықтағанындай, сотталушы А. Е. бильярд клубына келіп, онда жәбірленушімен кездеседі, сөйтіп оны бильярд ойнауға шақырған. Ұзаққа созылған ойыннан кейін, екеуінің арасында дау туындайды. А. Е. қасақана әрекет жасап, оң қолының жұдырығымен жәбірленушінің сол жақ бетінен ұрады. Жәбірленуші ауыр соққыдан еденге құлап түсіп, есінен танып қалады. Оның өліп кетуі мүмкін екендігін сезген А. Е. оған көмек көрсетуге тырысып, жедел жәрдем бригадасын шақырды. Жәбірленуші ауруханаға жатқызылды. Алайда, ол төрт күннен кейін есін жимаған күйі көз жұмды. 

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.