Алматыда билетсіз жүрген 172 жолаушыға айыппұл салынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қоғамдық көліктерде жол ақысын «ОҢАЙ» картасы арқылы төлемеген 172 адамға айыппұл салынды. Олардың ішінде жолаушылар, жүргізушілер және кондукторлар да бар.

Жолаушыларға 4,2 мың теңге көлемінде айыппұл салынады, деп хабарлайды «Алматы қалалық көлік холдингі» ЖШС-ның баспасөз қызметі.

«Билетсіз жүрген жолаушыларды анықтау жұмыстары күнделікті күшейтілген режімде жүргізілетін болады. Жол ақысы, тікелей жолаушы тасымалдаушы компаниялардың есеп-шотына келіп түседі, ал бұл, қалада қоғамдық көлік желісінің сапасын арттырады.

11-17 қаңтарда аралығында «ОҢАЙ» электронды көлік картасы арқылы 175,4 млн теңгеге 2,7 млн транзакция жасалған. Ал егер жолаушылардың барлығы бірдей жол ақысын дер кезінде төлеп тұрса, тасымалдаушы компаниялардың есеп-шотына келіп түсетін қаржының көлемі арта түседі», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, «ОҢАЙ» электронды жүйесі жолаушылар легін дұрыс және тиімді жүргізу үшін нақты деректер алуға, қоғамдық көліктердің бағдарлық желісін жолаушыларға ыңғайлы етіп қалыптастыруға және жол ақысын көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік береді. Бұл жерде жолаушылардың адал ниеттілігіне көп нәрсе байланысты.

18 қаңтарңа дейін 705,3 мың «ОҢАЙ» көлік картасы сатылды және таратылды. Алайда, бүгінгі күні карта иелерінің тек 40 пайызы ғана төлем жасаған.

«Ал егер де жолаушылардың барлығы бірдей жол ақысын заңды жолмен төлейтін болса, онда қаладағы көлік саласын реформалау қарқынды түрде жүргізілер еді», - делінген хабарламада.

Осы мақсатта 18 қаңтарынан бастап, «Алматы қалалық көлік холдингі» ЖШС қалалық ІІД бірлесіп, барлық аудандардағы қоғамдық көліктерде билетсіз жүрген жолаушыларды анықтау бойынша рейдтер жүргізе бастады.