«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің физика-математика факультетінің информатика және қолданбалы математика кафедрасының дәстүрлі бұл шарасы 2-3 жылда бір өткізіліп тұрады. Мәселен бұл жолы мектептерге информатиканың енгізілуіне 25 жыл толуына арналып отыр. Оған Қазақстан, Қырғызстан және Ресей елдерінің жоғары оқу орындарының оқытушы ғалымдары мен зерттеушілері қатысуда. Сондай-ақ биыл алғаш рет конференцияда еліміздің түкпір-түкпірінен келген информатика пәндерінің оқытушылары да баяндама жасап жатыр», дейді ұйымдастыру комитетінің ғылыми хатшысы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Фарида Ғұсманова.
Оның айтуынша, конференция жұмысы пленарлық мәжілістерден кейін 2 күн бойы сессиялық отырыстарда жалғасады. Олар - «Қолданбалы математика және математикалық модельдеу», «Механикалық жүйелер қозғалысы мен физикалық үрдістерді математикалық модельдеу», «Информатиканы оқыту әдістемесі және білім беруді ақпараттандыру», «Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жаратылыстану ғылымдары пәнін оқыту сапасын қамтамасыз етудегі инновациялық технология» деген тақырыптарда өтеді. Барлық ұсыныс-тілектер жинақталып, талқыланған соң құзырлы органдар назарына ұсынылғалы отыр.