Алматыда бір апта бойы «Наурыз -2012» театрландырылған қуыршақ шоу мерекелік шарасы өтеді

АЛМАТЫ.  17 наурыз. ҚазАқпарат - Алматыда наурыздың 23-29 күндері қалалық Мәдениет басқармасы мен Мемлекеттік қуыршақ театрының ұйымдастыруымен «Наурыз -2012» театрландырылған қуыршақ шоу мерекелік шарасы өтеді.

Бір апта бойы қуыршақ театрында аталмыш театрдың әртістері балалар үшін ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен түрлі ойын-сауық бағдарламалар мен «Тарқамайды тойымыз» атты қойылым ұсынатын болады. Күніне екі рет өтетін шаралардың басталуы сағат 10:00-де және 12:30-да.

Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театры 1935 жылы құрылған. Өнер ордасы қазақ театрлары арасындағы ең байырғы театрлардың бірі болып табылады.  74 жыл ішінде театр сахнасында барлық жүйедегі қуыршақтар - қарапайым жіппен жүргізілетін қуыршақтан бастап, күрделі марионеткаларға дейін көрсетілді.  Театрдың репертуары негізінен халық ертегілері, шығыс және шетел ертегілерінен тұрады. Жылына театрдың ұжымы көрермен назарына жаңа 4-6 қойылымнан ұсынып келеді. Театр сондай-ақ, бұрын қойылған қойылымдарды қайта қоюды назардан тыс қалдырмауда. Бүгінде театр репертуарындағы  кеңпейілділік, батырлық, әділдік, достық тақырыптарын және этикалық мәселелерді қозғайтын қойылымдар -«Отан туралы аңыз», «Құрманғазы», «Киелі алма», «Аққу жібек», «Морозко», «Аяз ата және жаз», «Үш торай», «Сотқар бұзау» көрермендердің ықыласына бөленген. Қазіргі таңда театр репертуарында 22 қойылым бар. Қойылымдар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.