Оның айтуынша, жаңа оқу жылында қаладағы 207 мемлекеттік және 63 жекеменшік мектепте 290 мыңнан аса бала, соның ішінде 30 мыңға жуық 1-сынып оқушысы оқуды бастады.
«Эпидемиологиялық жағдайға байланысты балалар мен мұғалімдердің денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында 206 мемлекеттік мектепте оқыту процесі қашықтан оқыту форматында басталды. «Сұлусай» ықшамауданында шалғай орналасқан №197 жалпы орта мектебіндегі 60 оқушы штаттық режимде оқып жатыр. Қазіргі таңда қалалық бас санитардың қаулысына сәйкес қала мектептерінде ата-аналардың қалауы бойынша 1-2 сынып оқушылары үшін «кезекші сыныптар» ұйымдастырылды. Мектептер дезинфекциялық құралдармен толық қамтамасыз етілген», - деді Ақмарал Айтуарова.
Сонымен қатар, ол тамыз айында 15 мыңнан аса мұғалім Kundelik.kz, Bilimland.kz, Microsoft.Teams білім беру платформаларын оқу процесінде қолдану бойынша курстан өткенін айтты.
«Алматы қаласының білім беру мекемелерінде қашықтан оқыту технологияларын қолдана отырып оқу процесін әдістемелік және цифрлық қолдау бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Қаланың 56 үздік мұғалімімен бастауыш сыныптар үшін телесабақтар түсіріліп жатыр. Бұл сабақтар Балапан, Еларна телеарналарында көрсетілуде», - деді ол.