Бас мүфти жаңа мешіттің қазақы нақышта салынуына назар аударды. Сонымен қатар жамағатқа қолайлы көлік тұрағының болуына көңіл бөлді.
Айта кетсек, Алатау ауданында бой көтеріп жатқан құлшылық үйінде бір мезетте 7 мың адам намаз оқи алады. Мешіттің құрылыс жұмысын осы жылдың желтоқсан айында бітіру жоспарланған.
Ғимараттың жалпы алаңы – 16 мың шаршы метр. Архитектуралық жобаға сәйкес, мешітте биіктігі 75 метрлік бірнеше мұнара болады. Кешеннің орталық бөлігінде 9 күмбезді негізгі ғимарат орналасады.
Сондай-ақ оның құрамына ислам кітапханасы, әкімшілік бөлік, намаз оқитын залы бар әйелдер корпусы, діни рәсімдер өткізуге арналған зал, оқу-ағарту топтарына арналған және медресе сыныптары бар ерлер бөлігі, сондай-ақ, шеберхана мен дүкендер кіреді.
ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мешіттің құрылысымен танысқан соң Алматы қаласының жаңадан тағайындалған бас имамы Төлеби Оспанға нақты тапсырмалар берді.