Алматыда бір тәулікте 5 мыңға жуық тұрғын вакцина алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 4 727 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

6 қазан күні 4727 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін 1718 , II компонентін 3 009 адам алды.

Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында.

«Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 6 қазан аралығында қалада 962 616 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 884 962 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 118 694 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.

Қалада 160 пункт жұмыс істеп тұр. 1 028 адамнан тұратын 237 егу бригадасы бар.

«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді» - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.