Алматыда бір тәулікте үш мыңнан астам адам вакцина салдырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 3609 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2 қараша күні 3609 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін – 1296 адам, II компонентін 2313 адам алды. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 1 қарашасы аралығында қалада 996 486 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 930 466 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 120 544 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.

Қалада 137 пункт жұмыс істеп тұр. 733 адамнан тұратын 205 егу бригадасы бар. «Қазір медицина ұйымдарында, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді», - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.