Алматыда бір түнде балалары үшін 312 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бала құқықтарының бұзылуына жол бермеу, балалардың ата-аналарының қарауынсыз қалмауын қадағалау мақсатында «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанованың айтуынша, шара барысында құқық бұзған 376 жасөспірім анықталды, оның 312-сі түнгі уақытта ішкі істер органдарына жеткізілді, қараусыз қалған 40 бала балаларды қорғау орталығына орналастырылды. Арнайы есепке 25 жасөспірім тіркеліп, бала тәрбиесінде өз міндеттерін орындамайтын 35 ата-ана анықталды.

«Түнгі уақытта ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің қарауынсыз көңіл көтеру орталықтарында жүрген балалар үшін 312 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Ескерте кетейік, кез-келген ата-ана өз балаларын қараусыз қалдырмау керек. Себебі, балалар әртүрлі жағдайға душар болуы немесе құқық бұзушылыққа жол беруі мүмкін. Сондай-ақ, жасөспірімдерге қатысты қылмыс жасалу қаупі бар. Бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек», – деді Жанна Шонжанова.