Алматыда бір үйдің жалғыз қызы жоғалып кетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 18 тамыз күні үйінен шығып кетіп қайтып оралмаған 7 сынып оқушысы Карина Дроздоваға іздеу жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карина Дроздова 2004 жылы 27 мамырда дүниеге келген. Оқушы қыздың анасы Татьяна Муромцеваның айтуынша, қызы үйден кетіп қалар алдында ата-анасымен арада реніш болған.

Сонымен қатар, анасы ҚазАқпарат тілшісіне қызын кеше Алматының Орбита ауданынан көргендер табылғанын айтқан. Үш күннен бері үйге оралмаған оқушының анасы Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы оған арнап хат жазды.

«Карина, егер біздің хабарымыз саған жетсе, біліп қой, біз сені ренжіткіміз келмеді. Үйге орал, барлығы жақсы болады. Егер сені ренжітсек, кешір, біз қатты алаңдап отырмыз», - деді оның анасы Татьяна.

Анасының айтуынша, Карина үйдің жалғыз баласы, толыққанды отбасынан шыққан.

Каринаның ата-анасы қызы жайлы қандай да ақпарат білгендерге 7 701 356 60 25,  7 707 252 61 00 телефон нөмірлері арқылы хабарласуын сұрайды.