Алматыда бірнеше массаж салоны жезөкшелер притоны болған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда боди массаж салоны ретінде тіркеліп, бірақ интимдік қызмет көрсеткен нысандардың иелері мен қызметшілері ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Интимдік қызмет салонының бірі қаланың Әуезов ауданындағы «Алмас» шағын ауданында анықталды. Салонда жұмыс істейтіндер массаждан бөлек, жыныстық қатынас қызметін де көрсеткен. Полицейлер мекеме әкімшісі мен салонда жұмыс істейтін жеті қызды оқиға орнында ұстады.

«Сол түні өздерін сауықтыру массажы салондары ретінде көрсеткен тағы екі нысан анықталды. Іс жүзінде, бұлар – тұрақты клиенттері және жұмыс кестесі бар притондар. ҚР ӘҚбК-нің 450-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері бойынша жезөкшелікпен айналысу үшін үй-жай берген мекеме иелеріне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар, 15 жеңіл жүрісті әйелге де әкімшілік шара қолданылды. Олардың көпшілігінің Алматыда тіркеуі жоқ. Жеткізілгендердің жеке басы қандай да бір қылмыс пен құқық бұзушылыққа қатысы бар-жоғына тексерілді», - деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.

Ол сондай-ақ, мұндай рейдтік шаралардың тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.