АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жаңа подстанциялар салынып, электр желілері мен трансформаторлық подстанциялар модернизациядан өтеді. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы әкімінің айтуынша, биыл электр желілерін модернизациялау шеңберінде Шұғыла, Ақжар, Таусамалы, Құрамыс, Рахат, Қарағайлы және Қалқаман шағын аудандарында 56 трансформаторлық подстанция модернизацияланады.
«Оның ішінде 21 жаңасы орнатылады, сондай-ақ, 114,5 шақырым электр желісі мен 35 трансформаторлық подстанция модернизациядан өтеді. Бұл шаралар электрмен тұрақты қамтамасыз етуге және авариялық жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді. Жұмыстар мамыр айының соңында басталып, жылдың соңында аяқталады», - деді Ерболат Досаев.
Думан Арғынгелді
2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы қалалық филиалында, «Аягөз жаңалықтары», «Алматы ақшамы» газеттерінде қызмет атқарды. Мақалалары республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде жарияланды. 2021 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.