Алматыда биыл 6 мыңнан астам тұрғынды баспанамен қамту жоспарланып отыр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда биыл 6 мыңнан астам тұрғын баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзінше, бүгінде коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте 30 880 адам тұр. Оның ішінде: 1 908 – жетім бала, 3 268 – көпбалалы отбасы, 11 292 – бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 14 412 – халықтың әлеуметтік осал топтары.

«Жыл басынан бері 1 909 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 41 адам коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алды, яғни жалдамалы, сатып алу құқығынсыз, 1117 - «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 13,5 млрд теңгеге жуық, тағы 85 адам - «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша (2-10- 20) 118 млн 400 мың теңгеге және 666 адам «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша (5-10-25) 8,8 млрд теңге сомасында», - деді Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы.

Данияр Қырықбаевтың айтуынша, биыл 6 047 алматылықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның ішінде 1 451 адам жалдамалы баспанаға сатып алу құқығынсыз көше алады, кезекте тұрған 401 адамға пәтер сатып алу құқығынсыз жалға (185 - көпбалалы отбасылар; 216 - халықтың әлеуметтік осал топтары) беріледі. Жұмыс істейтін 29 жасқа дейінгі жастар үшін 1 050 пәтер сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалға берілді, 35 жасқа дейінгі «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 1 000 пәтер .

«Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша «Шаңырақ», «Бақытты отбасы», «Несиелік тұрғын үй» жеңілдік несиелік бағдарламалары бойынша бастапқы төлем үшін номиналы 1 млн теңге болатын екі мың қайтарымсыз тұрғын үй сертификатын беру туралы шешім қабылданды», - деді спикер.

Тұрғын үй сертификаты жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, мүгедек баласы бар отбасыларға, 1 және 2 топтағы мүгедектерге беріледі. Айта кетерлігі, 2 шілдеден 17 тамыз аралығында 127 өтінім қабылданып, мақұлданды.