Оны қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін «Білім беру жүйесін жаңғырту - адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» деген тақырыппен өткен білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде айтты.
«Алматыда биыл білім беру саласына 45 миллиард 400 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Былтыр ол 38 миллиард теңгені құраған болатын. Өсім 1 жылда 14 пайыз, ал 3 жылда 1,5 есе ұлғайды. 1991-2007 жылдары тек 1 ғана балабақша салынса, соңғы 3 жылда 20 мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылды. Балаларды балабақшамен қамту биыл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артып отыр», - деді А. Есімов. Шаһар басшысының айтуынша, жалпы білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартудан кейін енді оқытушылардың кәсіби біліктілігін көтеру басты назарға алынбақ. Педагогтарға қойылатын талап та қазір күн өткен сайын ұлғайып келе жатыр. Олар өз ісінде жан-жақты, сан-салалы болуы керек.