АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда биыл «Нұршашқан» және «Қайрат» шағынаудандарын тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін қосалқы электр станциясы іске қосылады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нұршашқан» және «Қайрат» шағынаудандарын тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін биыл «Тұздыбастау» электр қосалқы станциясы пайдалануға беріледі. Ол 2500-ден астам абонентті қамтиды. Қазіргі таңда подстанцияның өзі салынған, жекеменшік аумақтар арқылы кабель желісін жүргізу үшін инженерлік дәлізді келісу мәселесі ғана қалды», - деді Ерболат Досаев.
Ол сондай-ақ биылғы жылдың желтоқсан айында «Әлмерек», «Нұршашқан» және «Шуақты» шағынаудандарында электр беру желілерін жаңғырту жұмыстары аяқталатынын жеткізді.
Думан Арғынгелді
2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы қалалық филиалында, «Аягөз жаңалықтары», «Алматы ақшамы» газеттерінде қызмет атқарды. Мақалалары республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде жарияланды. 2021 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.